Қарағанды облыстықмәслихаты

Почётные граждане

Дрижд  Николай Александрович

Дрижд Николай Александрович

1927 жылы 29 желтоқсанда Ресейдегі Саратов облысы Балаково қаласында дүниеге келген. Тау-кен инженері, техника ғылымдарының докторы. 1944-48 жж. Қарағандыдағы тау-кен техникумында оқыды. 1948 ж. Днепропетровск тау-кен институтына түсіп, оны 1953 ж. «Пайдалы қазбалардың кен орнын өңдеу мамандығы бойынша» бітіріп шықты. Институттан кейін «Қарағандыкөмір» комбинатының «Ленинкөмір» тресіне қарасты №37 шахтасында учаске бастығы, №101 шахтаның бас инженері, «Саранкөмір» тресінің №120 шахтасының бастығы және аталған трестің меңгерушісі болып істеді. 1964-76 жж. «Қарағандыкөмір» бірлестігінің Ленин атындағы шахтасы ұжымын басқарды. 1976 ж. «Қарағандыкөмір» бірлестігінің өндіріс жөніндегі директоры болып тағайындалды. 1979-1989 жж. «Қарағандыкөмір» ӨБ бас директоры қызметін атқарды. Ол көмірді жер асты және ашық қазудың ілгерішіл технологиялық тәсілін дайындау мен енгізу, құлауы бойынша белдеулік өңдеу, тасымалдау ағымын шоғырлау, кешендерді қолдану арқылы жаңа технологиялық тәсілдерді дайындау, салада алғаш рет барлау және пайдалану кеніштерінің құрылысын ұйымдастыру, тау-кен қазбаларын қауіпсіз және тиімді пайдалануды арттыратын дайындық қазбаларын қорғау, жер асты кенін тиімді пайдалану ісіне лайықты үлесін қосты. 1972 ж. КСРО-ның Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Н.Дрижд Борлы және Шұбаркөл көмір кені орындарын игерудің авторы. «Молодежный» және «Шұбаркөл» көмір кеніштерін тапсыру жолында қажырлы еңбек етті. «Шұбаркөл» көмір кенішін іске қосудағы еңбегі үшін 1988 ж. екінші рет КСРО-ның Мемлекеттік сыйлығын алды. 1989 жылдан ол Қарағанды Мемлекеттік техникалық университетінің «Пайдалы қазбалардың кен орындарын өңдеу» кафедрасының профессоры. 200-ден астам ғылыми еңбектердің авторы, 60 авторлық куәліктердің иегері. Халықаралық экология, адам және табиғат қауіпсіздігі ғылым академиясының, Қазақ Табиғи ғылымдар академиясының мүшесі. Академик А.А.Скочинский атындағы сыйлықтың лауреаты. Ресей Тау-кен ғылымдары академиясының Құрметті мүшесі.  Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті тәртіптік кеңесінің төрағасы, сондай-ақ Қарағанды облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі.

Екі Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. «Шахтер даңқы» белгілерінің толық иегері. Қарағанды, Саран, Шахтинск қалаларының құрметті азаматы.


Вернуться назад